ҚАРАР
Atameken Business FORUM аясында
«Қазақстанға инвестиция тарту: халықаралық капитал үшін қолайлы мекен»
тақырыбында өткен дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша қабылданған
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне
Қазақстан Республикасының Үкіметіне
2026 жылғы 3 маусымда Астана қаласында Atameken Business FORUM аясында «Қазақстанға инвестиция тарту: халықаралық капитал үшін қолайлы мекен» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға бизнес, қаржы секторының, салалық қауымдастықтардың, талдау орталықтарының және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында өткен талқыда макроэкономикалық дамудағы оң көрсеткіштерге қарамастан, Қазақстан экономикасында құрылымдық дисбаланс күшейе түскені аталды. Жекелеген салалардағы өсім негізінен мемлекеттік қаржыландыру есебінен қамтамасыз етілуде, ал ішкі сұранысқа бағдарланған секторлардың дамуында баяулау белгілері байқалған.
Сарапшылар ұсынған мәліметке сәйкес:
- транзакциялық деректерге негізделген көрсеткіште (Halyk Business Index) іскерлік белсенділік бейтарап деңгейде;
- Ұлттық Банк әзірлеген іскерлік белсенділік индексі 51,6 тармақты (сәуір айының көрсеткішімен салыстырғанда, 0,9 тармаққа артқан) құраған, айта кетерлігі, сауда саласының индексі төмендеп, 49,7 тармақты құраған;
- соңғы 12 айда шамамен 145 мың жеке кәсіпкер өз қызметін тоқтатқан, олардың басым бөлігі сауда, көлік және қызмет көрсету салаларында жұмыс істеген;
-
іскерлік белсенділікті тежеуші cебеп-cалдар ретінде аталғаны:
- · төлемге қабілетті сұраныстың төмендеуі: 2025 жылы халықтың нақты табысы 2,3%-ға қысқарып, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын шығындар үлесінің 39%-ға дейін төмендеуі;
- · тұтынушылық несиелеудің қысқаруы: тұтынушылық несие беру көлемінің 7,2%-ға азаюы;
- · тұтынушы мінез-құлқының өзгеруі: бөлшек саудадағы электрондық коммерция үлесінің 14,3%-ға жетуі;
- · салық салу жүйесінің өзгеруі;
- электрондық коммерцияның үлесі 14%-ға жетіп, бұл көрсеткіштің арта түсуі;
- компаниялардың табысы іс жүзінде тоқырауға түскеніне қарамастан, еңбекақы қорының 12,8%-ға өсуі;
- экономика мен бизнестегі ашықтық деңгейінің төмен болуы және оны ынталандыратын тетіктердің жеткіліксіздігі.
Форум қатысушылары шикізат экспортына, бюджеттік ынталандыруға және инвестиция тартуды басты мақсат ретінде қарастыруға негізделген экономикалық өсім моделі тиімділік шегіне жетуге шақ екенін атап өтті. Қазақстан экспортының 70%-дан астамы әлі шикізат пен металдар есебінен қалыптасып отыр, осылайша ел экономикасы сыртқы конъюнктураға тәуелділігін сақтауда.
Сарапшылар талқы барысында экономиканың әрі қарай өсуін шектейтін негізгі факторлар институционалдық сипатқа ие екендігі ерекше атады. ЭЫДҰ елдерімен жүргізілген салыстырмалы талдау нәтижелері бойынша Қазақстан «Заң үстемдігі» және «Инвестиция еркіндігі» бағыттарында қалыс қалғаны байқалған.
Atameken Business FORUM аясында жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес, капитал салуға әсер ететін негізгі фактор ретінде аталғаны:
1. Инвесторлардың құқығын қорғау, сот тәуелсіздігі және болжамды әрі тұрақты ойын ережелері – 23%;
2. Салық жүйесінің тұрақтылығы, Ұлттық Банктің болжамды саясаты және инфляцияны бақылау – 23%;
3. Салықтық жеңілдіктер, тікелей субсидиялар және инвестициялық жобаларды қаржыландырудың жеңілдетілген түрлеріне қолжетімділік – 17%.
Іс-шара барысында сарапшылар өз баяндамасында және пікірталаста келесі жүйелі мәселелерді атап өтті:
- · жеке меншік құқығын қорғау және келісім-шарттардың орындалуы деңгейінің жеткіліксіздігі;
- · экономиканың жекелеген секторларында мемлекет басымдығының сақталуы және нарықтық ынталандырулардың бұрмалануы;
- · экспорт құрылымында шикізат секторының үлесінің жоғары болуы;
- · ішкі сұранысқа бағдарланған салаларда іскерлік белсенділіктің төмендеуі;
- · реттеуші және салықтық ортаның тұрақсыздығы;
- · бизнестің едәуір бөлігінде ашықтықтың жеткіліксіздігі;
- · инвестициялық саясатты іске асыру кезінде орталық мемлекеттік органдар мен өңірлер арасындағы үйлестірудің әлсіздігі;
- · мемлекеттік қолдаудың экспортқа бағдарланған және өнімділігі жоғары жобаларға жеткілікті деңгейде бағытталмауы;
- · инфрақұрылымдық шектеулердің, оның ішінде су қауіпсіздігі мен заманауи цифрлық инфрақұрылымдарда шектеулердің сақталуы.
Сарапшылардың айтуынша, елдің инвестициялық тартымдылығы ұсынылатын жеңілдіктер мен субсидиялардың көлеміне емес, институттардың сапасына, мемлекеттік саясаттың болжамдылығына, макроэкономикалық тұрақтылыққа және бәсекелестіктегі тең жағдайларға байланысты анықталады.
Сондай-ақ экономикаға мемлекеттің шамадан тыс араласуы, атап айтқанда инвестициялық жобаларды іріктеу және оларды түрлі тетіктер арқылы қаржыландыру процестеріне белсенді түрде араласуы мәселесіне сарапшылар ерекше назар аударды. Форум қатысушылары инвестиция тартудың сандық көрсеткіштерінен гөрі шикізаттық емес экспортты дамытуға, қосылған құны жоғары өнімді қалыптастыруға, еңбек өнімділігін арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған сапалық көрсеткіштерге көшудің қажеттігін атап өтті.
Сарапшылар қауымдастығының ұсынысы:
Форумның қатысушылары инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестициялардың халықтың тұрмыс деңгейіне әсерін күшейту мақсатында келесі ұсыныстарды әзірледі:
Елдің инвестициялық тартымдылығының негізгі факторы ретінде заң үстемдігін қамтамасыз ету, оның ішінде жеке меншіктің құқығын қорғауды күшейту, келісім-шарттардың орындалуына кепілдік беру, сот жүйесінің тәуелсіздігін арттыру, мемлекеттік басқарудың ашықтығын және құқық қолдану тәжірибесінің болжамдылығын қамтамасыз ету.
Заңнама мен заң аясындағы нормативтік-құқықтық актілерге кешенді аудит жүргізу, жекелеген компанияларға, салаларға немесе нарық қатысушыларына артықшылықтар мен ерекше жағдайлар ұсынатын нормаларды анықтау және бірыңғай әрі ашық реттеу қағидаттарына көшу.
Елдің ұзақмерзімді инвестициялық стратегиясын қалыптастыру, ол үшін:
Қазақстанда инвестициялардың қай түріне басымдық беру керектігін;
мемлекет инвесторларға қандай қолдау шараларын ұсынуға дайын екенін; инвестиция тарту есебінен қандай экономикалық және әлеуметтік нәтижелерге қол жеткізу керектігін айқындау қажет. Қосылған құны жоғары өнімді қалыптастыратын, шикізаттық емес экспортты дамытатын, өндірісті жергілікті жерге орналастырып, еңбек өнімділігін арттыратын инвестицияларға басымдық берілуі тиіс.
Мемлекеттік инвестициялық саясаттың басымдықтарын елге тартылған капитал көлемінің көрсеткіштерінен гөрі сапалық көрсеткіштерге бағыттау, яғни жаңа өндірістерді құру, өнімділігі жоғары жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру, технологиялардың трансферті және адами капиталды дамытуға басымдық беру.
Экономиканы реттеудің әмбебап нарықтық тетіктеріне кезең-кезеңімен көшу және баға белгілеуге әкімшілік тұрғыдан араласу практикасын азайту, экспортқа қойылған шектеулерді азайту, елдің инвестициялық тартымдылығына кері әсерін тигізетін әрі нарық тартымдылығын төмендететін өзге де шараларды барынша азайту.
Инвестициялық саясаттың атаулы жеңілдіктерге, субсидияларға және жекелеген артықшылықтарға тәуелділігін азайту, мемлекеттің күш-жігерін қолайлы институционалдық ортаны қалыптастыруға және нарықтың барлық қатысушыларына тең жағдайды жасауға бағыттау.
Бизнестің ашықтығын арттыратын және қор нарығын дамытатын ынталандыру тетіктерін қалыптастыру, оның ішінде корпоративтік басқарудың неғұрлым ашық түріне көшкен компанияларды ынталандыру, нарық капиталының тетіктері арқылы ақпаратты ашық көрсету тәжірибесін кеңейту, жинақтау процестеріне және ұлттық байлықты қайта бөлу үдерістеріне азаматтарды тарту.
Заңды тұлғалардың халықаралық стандарттарға сәйкес, қаржылық есептілікті жариялауы арқылы ашықтық стандарттарын қалпына келтіру және кеңейту, оның ішінде өндіруші сектордың, атап айтқанда, жер қойнауын пайдалану, жеке меншік құрылымы, табиғи ресурстарды пайдаланудан түсер әлеуметтік-экономикалық әсері туралы және инвестициялық міндеттемелерге қатысты ақпараттың ашық жариялану тәжірибесін кеңейту.
Мемлекеттік басқаруда жасанды интеллект технологиялары мен көлемді деректерді талдауды жүйелі түрде енгізу, оның ішінде азаматтардың өтініштеріне негізделген «e-Өтініш» платформасындағы деректерді талдау. Бұл деректерді жүйелі мәселелерді анықтау, мемлекеттік реттеудің сапасын арттыру, әкімшілік рәсімдердегі артық шығындарды қысқарту және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды кеңейту мақсатында қолдану.
Азаматтар мен бизнестен келіп түскен өтінімдерге, не болмаса оның салдарына әрекет етуден гөрі, өтінімдердің түсу себебін алдын ала анықтау қағидатын ұстану арқылы мемлекеттік қызметтер мен бақылау-қадағалау процестерін цифрландыру мен автоматтандыруды барынша қамтамасыз ету.
Инвестициялық саясаттың келісімделуін, өңірлердің бәсекелестік басымдықтарына бағытталуын және инвестициялық жобаларды сапалы іріктелуін қамтамасыз ете отырып, орталық мемлекеттік органдар, өңірлер және даму институттары арасындағы үйлестіруді күшейту.
Сапалы инфрақұрылым, экологиялық тұрақтылық, су қауіпсіздігі және қоғамдық қауіпсіздік, жайлы қалалық орта, деңгейі жоғары мемлекеттік қызмет қамтамасыз етілген, адами капитал мен инвестициялардың, тұтынушылық шығыстардың ішкі нарықта тұрақтауына жағдай жасалған, өмір сүруге жайлы және бизнес жүргізуге қолайлы ортаны қалыптастыру.
Жыл басынан бері 145 мың жеке кәсіпкердің қызметін тоқтатуын ескере отырып, әкімшілік және фискалдық жүктемені жеңілдету тұрғысынан шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған қосымша шараларды ойластыру. Транзакциялық операциялардың статистикасын есепке ала отырып, ішкі тұтынушылық сұранысқа бағытталған орта бизнеске (әсіресе сауда, көлік және қызмет көрсету салаларына) ерекше назар аудару.
Орта мерзімде (5–7 жыл) қайта қараудан қорғайтын заңнамалық тетіктері бар ұзақмерзімді фискалдық саясатты әзірлеу бизнес жүргізу шарттарының болжамдылығын қамтамасыз етеді. Сарапшылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, Қазақстанға инвестиция тартуға оң әсерін тигізетін факторлар қатарында салық жүйесінің тұрақтылығы, Ұлттық Банктің болжамды ақша-несие саясаты және инфляцияны бақылау аталған.